Фото sputnik.kz ЕРЕЖЕ БҰЗҒАНЫ ҮШІН – БАЛЛ: ҚАЗАҚСТАНДА ЖҮРГІЗУШІЛЕРГЕ ЖАҢА ТАЛАПТАР ӘЗІРЛЕНУДЕ
Қазақстанда жол жүру ережесін қайта-қайта бұзатын жүргізушілерге балдық жүйе енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Ауыр және қайталанған құқықбұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігінің қолданылуы бір жылға тоқтатылуы мүмкін, деп хабарлайды kaztag.kz.
Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында мәлім етті.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе әрбір құқықбұзушылықты және оның ауырлығын есепке алады. Ол, әсіресе, ережені жүйелі түрде бұзып, айыппұлдарды елемейтін жүргізушілерге қарсы күрес құралы болмақ.
Әкімшілік айыппұлдардан бөлек, бірнеше рет жасалған және ауыр бұзушылықтар үшін жүргізуші куәлігінің қолданылуын бір жылға тоқтата тұру көзделіп отыр.
Ішкі істер министрлігі тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгізбек.
